Жас құтқарушылар су астында жаттықты
Облыстың суда құтқару қызметіне жаңадан 15 жас маман кірісіп жатыр. Сақа сүңгуірлердің ізбасарлары бүгін алғаш рет су астына түсу жаттығуын орындады. Сүңгуірліктің қыр-сырын болашақ құтқарушыларға бес жылдық тәжірибесі бар маман Сағадат Бердіғалиев үйретіп жатыр. Жаттығулар қалалық жағажайда өтуде. Тоғанның ортасынан ойық жасалып, құтқарушы болуға белін бекем буған жас жігіттер бес қаруын сайланып, бірінен соң бірі су астына түсті. Алғашқылардың бірі болып су асты әлемін Мирас Жұмағазин шарлап келді. Құтқару бекетінде бір жылдан бері жұмыс жасайтын ол жаңадан келген әріптестеріне қалай әрекет ету керектігін көрсетті. Суда құтқару қызметіне о баста алты маман қажет еді. Сүңгуір болғысы келетін 20 шақты жігіттің түйіндемесі түскен. Физикалық, психологиялық дайындықтары тексерілген соң, олардың жетеуі іріктеліп алынды. Тағы сегіз жігіт жедел құтқару жасағынан. Айта кету керек, әскерде болып келген жігіттердің іріктеуден өту мүмкіндігі әлдеқайда зор. Қазір 3-дәрежелі құтқарушының жалақысы 40 мың теңге. Жастарға үш ай көлемінде сынақ мерзімі беріледі. Осы уақыттың ішінде өзін кәсіби маман ретінде көрсете білгендері тұрақты жұмысқа алынады. |
Количество показов: 2482
Дата создания: 13.02.2013 18:58:04