Ю.Щукин мен Е.Королев балғын теннисшілерге сабақ берді
Ақтөбелік жас теннисшілердің арманы орындалды. Бүгін оларға Ақтөбе теннис орталығында Астанадан арнайы шеберлік класын өткізуге келген теннистен Қазақстан құрамасының ойыншылары Юрий Щукин мен Евгений Королев сабақ берді. Ракетка майталмандары жас ойыншыларға жалпы ережелермен жұмыс істеуді үйретті. Ақтөбе теннис орталығының корты бүгін ойынды қыздырып жатқан жас теннисшілерге толы. Мұнда жасы 6-дан енді ғана асқан бүлдіршіндерге дейін қолдарында ракетка. Өздерінің айтуынша, болашақта әйгілі теннис жұлдызы Мария Шарапова апаларының ізбасарлары болмақшы. Ақтөбедегі теннистен облыстық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде қазір қолына 480 бала ракетка ұстауға машықтануда. Солардың біреуі Азиза Көпбаева. 11 жастағы Азиза үш жылдан бері теннисті меңгеріп жүр. Өзге облыстардағы жарыстарға қатысқан. Бірақ, әлі топ жара қоймаған. Бүгін ол теннистің жарық жұлдыздарының бірі Евгений Королевпен бірге ойын алаңына шықты. Теннистен Қазақстан құрамасының ойыншылары бұл орталықта шеберлік класын алғаш рет өткізді. Юрий Щукиннің пікірінше, ақтөбелік жас ойыншылардың аяқ алысы жаман емес. Спортшылар жасөспірімдерге жеңіс жаттығумен ғана келетінін түсіндірді. |
Количество показов: 2070
Дата создания: 27.02.2013 19:12:38