Вакцинациядан бас тартқан ақтөбеліктер көбейді
Ақтөбеде "Вакцинация - балаларды жұқпалы аурулардан қорғаудың сенімді әдісі" атты арнайы акция өтуде. Акция аурудың алдын алатын екпелердің маңыздылығы мен қажеттілігі тақырыбына арналған. Шараны облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен санитар- эпидемиолог мамандар бірлесе ұйымдастырып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша қазір жер бетінде 2 миллиардтан астам адам туберкулез дертіне шалдыққан. Бұған сіреспе, қызылша, полиомиелит, паратит сынды аты жаман ауруларды қосыңыз. Дертті дер кезінде тоқтатудың бір ғана амалы бар. Ол уақытылы вакцинация қабылдау. Мамандардың мәлімдеуінше жұқпалы аурулардан болатын өлім көрсеткіштерінің 20 пайызын вакцинацияның көмегімен ғана алдын алуға болады. Ақтөбеде соңғы жылдары вакцинадан өз еркімен бас тартатындар саны азаймай тұр. Олардың басым көпшілігі дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері. Осындай түрлі діни ағымдар айрандай ұйып отырған ата дін, салт-дәстүрімізге ғана емес, енді ұлт саулығына да ауыз сала бастады. Дәрігерлердің айтуынша мұндай «пірәдарлар»- "Егу біздің діни ұстанымымызға қайшы, бізді түрлі ауру-сырқаулардан Құдайдың өзі қорғайды", - дегенді алға тартатын көрінеді. Ал, мамандар болса, егуден бас тартқандардың кесірінен, өңірімізде жұқпалы аурулар өршіп кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Бүгін ақ халаттылар жиналғандар алдында вакцинация қабылдаудың маңыздылығы жөнінде баяндамалар оқыды. Бүгінгі басқосуға келгендердің қатарында екпеден өз еркімен қашып жүргендер де бар болып шықты. Ондай ақтөбеліктермен ақ халаттылар арнайы әңгіме жүргізді. |
Количество показов: 2241
Дата создания: 14.02.2013 19:38:39