Тәртіп сақшылары шылым шегушілерге қарсы күресті күшейтті
Ақтөбелік полицейлер шылым шегіп, ішімдік ішетіндерге қарсы күресті одан әрі күшейтпек. Рұқсат етілмеген жерлерде осындай өрескелдіктерге жол берген жерлестерімізге салынатын айыппұл мөлшері де өскен. Қазір қаладағы көп қабатты үйлердің подьездері мен аулалары тексеріліп жатыр. Құқық бұзушылықты болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан мұндай шаралар қаламызда өткен жылдың қараша айында басталды. Сол уақыттан бері Ақтөбеде 1000-нан астам үйдің подьездері тексерілген. Нәтижесінде рұқсат етілмеген жерде шылым шегіп, ішімдік ішкен 450-ден астам қала тұрғыны анықталып, айыппұл салынды. Бүгінгі шара барысында да тәртіп сақшылары қаладағы бірнеше көп қабатты үйдің подьездерін шарлап шықты. Нәтижесі де жоқ емес. Азаннан араққа сылқия тойып, подьезде шылым шегіп тұрған 2 ақтөбелікті қолға түсірді. Дәл осындай қоғамдық орындарда немесе басқа да рұқсат етілмеген жерлерде ішімдік ішіп немесе шылым шеккендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ондай өрескелдікке жол берген жерлестеріміз айыппұл төлеп құтылады. Жалпыға ортақ кіреберісте будақтатып, одан қалды аяқ астына тұқыл тастап, тазалық сақтамайтындар аяқ астынан полицияның көзіне түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан көршілердің айқайымен бір, тәртіп сақшылары салған айыппұлмен екі рет жазаланбас үшін тұншықсаңыз да пәтеріңізде шылымдатуыңызға тура келеді. |
Количество показов: 2213
Дата создания: 10.01.2013 13:02:35