Түрмеден шыққандар жұмыссыз жүр
Түрмеден шыққандар еңбек етуге құлықсыз. Басына бостандық берілген 10 адамның біреуі ғана тұрақты жұмысқа орналасады. Қалғандары қол-аяғы сау болса да, мемлекет ұсынған қызметтен бас тартып, қол қусырып отырады. Бұл мәселе бүгін қалалық әкімдікте көтерілді. Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, ішкі істер басқармасы және жұмыспен қамту бөлімі қызметкерлері бас қосып, жазасын өтеп келгендерді қоғамға бейімдеудің амалдарын ойластырды. Сотты болған адамның алдымен өзі еңбек етуге құлықсыз. Ал, жұмыс берушілер сотталған десе, бастарын ала қашады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне былтыр жұмыс сұрап 16 адам келген. Бесеуі екі қолға бір күрек тапты. Екеуі қоғамдық жұмысқа тартылып, төрт кісі қысқа мерзімдік курстарға бағытталды. Бәрінен бұрын бостандыққа шыққандарды іздеп табу қиын. Бостандыққа шыққандардың жұмыс таба алмауының тағы бір себебі - темір тордың арғы жағынан сырқат болып оралуы. Мәселен, өткен жылы түрмеден 268 азамат шыққан, 20-сы ғана жұмысқа жарамды. Ал, абақтыдан босатылып, бірақ, баратын жері жоқ азаматтарды тұрғылықты мекен-жайы жоқтарды бейімдеу орталығына орналастыру керек деп шешілді. Қазір мұнда 30 шақты жазасын өтеп шыққан азамат күнелтіп жүр. Жақында тағы үшеуі келген. Екеуі ішкі тәртіпке бағынбаймыз деп, кетіп қалған. Билік биыл осы орталықты кеңейтпекші. Мекеме қаңғыбастардан бөлек, қамаудан шыққандарды бейімдеу орталығына айналады. Бұл мақсатқа 14 миллион теңге бөлінді. Бірақ, мекеме директоры орталықты паналаушылар мен жазасын өтеп келгендерді бір шатырдың астында ұстауға қарсы екенін алға тартты. Айтуынша, түрмеден босатылғандар ол жерде өз ережелерін орнатып, тұрғындардың тынышын қашыруы мүмкін. Қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева ішкі істер басқармасы өкіліне орталыққа полиция қызметкерін бекіту мәселесін қарастыруды тапсырды. |
Количество показов: 2674
Дата создания: 20.02.2013 19:24:22