Шетелдік нөмірмен жүрген көліктер такси қызметін атқара алмайды
Полиция қызметкерлері шетелдік көліктерді тіркеу науқанына байланысты түсіндірме жұмыстарын бастап кетті. Такси қызметін атқарып жүрген ақтөбеліктердің сұрақтарына жауап берді. 30 жылдан астам тәжірибесі бар жүргізуші Шаяхмет Мұсаев темір жол вокзалы маңынан аудандарға қатынап, жолаушы тасып жүр екен. 5 жыл бұрын Ресейден алып келген көлігін әлі заңдастырып үлгермеген. Мемлекеттік тіркеуде жоқ көліктер такси қызметін атқара алмайтынын білген соң ол бірден заңдастыруға арыз жазатынын айтады.Көлікті мемлекеттік тіркеуге қоймай такси қызметін атқаруға тиым салынғанын кейбір жүргізушілер білмейтін болып шықты. Сондықтан жол сақшылары түсіндіру-ақпараттық жұмыстарын жүргізіп, көлік иелерін заң талаптарын сақтауға шақырды. Темір жол вокзалы маңында жолаушылар тасып жүрген жүргізушілер тасып жүргендердің дені аудандарға қатынайды. Сондықтан алыс жолға шығатын автокөлік иелері тәртіпке бағынуы тиіс, дейді полиция қызметкерлері. Облыстық полиция департаментінің бөлім бастығы Данияр Сарқұлов көлік иелері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы да өтініш бере алатынын жеткізді. eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беруге де мүмкіндік бар. Шетелдік автокөліктерді заңдастыру басталғалы облыста 5 мыңға жуық адам өтініш берген. Бүгінде олардың 3 мыңға жуығының арызы қанағаттандырылған.Қалада бірнеше жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы мамандандырылған бөлімдер жұмыс жасайды. Мұнда полиция департаменті және мүдделі мемлекеттік органдар, оның ішінде мемлекеттік кірістер департаменті, сақтандыру компаниялары мен кеден қызметтерінің қызметкерлерінен құрылған штаб орналасады. Облыс бойынша барлығы 124 жұмыс бөлімі бар.
Количество показов: 825
Дата создания: 02.02.2023 14:47:51