Ұрылар саяжайларды тонап жатыр
Ақтөбеде саяжай ұрлығына қатысты қылмыстар азаймай тұр. Әсіресе мұндай деректер қыс айларында көптеп тіркелуде. Бұған тұрғындардың жылдың осы мезгілінде саяжайларын қараусыз қалдыруы себеп. Ақтөбеліктердің дені көп жағдайда саяжайларының тоналғанын көктемде бір-ақ біліп жатады. Ал, бұл өз кезегінде тәртіп сақшыларының қылмысты дер кезінде ашуына қиындық туғызады. Мәселен Заречный полиция бөлімінде өткен жылы саяжай ұрлығына қатысты 98 қылмыстық дерек тіркелген. Алайда соның жартысынан астамы ғана ізі суымай ашылған. Заречный полиция бөлімінің бақылауында 70-ке жуық бау-бақша ұжымы бар. Әрқайсысында 120-дан астам шаңырақ бар деп есептесек, мұндағы саяжайды саялап тұрып жатқан тұрғындардың жалпы саны 10 мыңнан асып жығылады. Оның үстіне саяжайға көшіп келушілер саны жыл өткен сайын өсе түсуде. Ал халық санының бұлайша артуы қылмыстың көбеюіне де жол ашады. Ақтөбелік полицейлердің айтуынша осыдан бірнеше жыл бұрын қараусыз қалған саяжайларға қатысты ұрлау деректері алдыңғы орында болса, ал қазір аталған аудандарда кісі тонауға қатысты қылмыстар көбейді. Дәл осындай оқиға жақында ғана "Геолог-5" бау-бақша ұжымында орын алған. Осы ауданда тұрып жатқан Г есімді азаматшаға түн ортасында белгісіз біреулер қоқан-лоққы көрсетіп, ұялы телефонын тартып алған. Абырой болғанда күдіктілер көп ұзамай қолға түсті. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық ІІД басшылығының бастамасымен қаладағы бірнеше саяжай ұжымында дабыл қондырғысын қондыру қолға алынған болатын. Кейін басталған іс қаржының жоқтығынан аяқсыз қалған. Одан кейін саяжайдағы қылмыспен күресуді атқа мінген полицейлер қолға алған-ды. Алайда салт аттылар саяжайлардағы қылмысты сабасына түсіре алар емес. |
Количество показов: 1909
Дата создания: 19.02.2013 19:07:55