Прокуратура заңсыз тексерулерге тосқауыл қойды
Ақтөбелік кәсіпкерлер үшін бүгінде ретсіз тексерулерді есепке алмағанда қиындық тудырып тұрған екі мәселе бар. Ол жер теліміне қол жеткізу және қайсыбір мемлекеттік органнан анықтама қағазын алу. Бұл жөнінде бүгін кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында облыстық прокуратура жанынан құрылған сараптама кеңесінің отырысында мәлім болды. Мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге қайсібір анықтаманы сатуы заңға қайшы. Дегенмен, кей қызметкерлер осылайша табыс табуды әдетке айналдырған. Мәселен, облыстық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Есмұхан Құрманғазинның айтуынша, соңғы жылы егін шықпай қалып, мемлекеттен көмек сұрау үшін "Қазгидромет" орталығының жергілікті филиалынан анықтама сұрап барған кәсіпкерлерге синоптиктер бұл қағазды сатқан. Кәсіпкерлер кезігетін тағы бір қиындық - жер телімін алу. Жер бөлінеді, бірақ, қала құрылысы жөніндегі кеңестің оны беру мәселесін қарауы ұзаққа созылады. Мемлекеттік органдардың сансыз, әрі ретсіз тексерулері - кәсіпкерлер ісінің өркендеуіне бірден-бір кедергі. Мұндай жөн-жосықсыз тексеруге тап болған кәсіпкер облыстық прокуратура жанынан құрылған мобильді топтың сенім телефонына хабарласуы керек. Қоңырау түскен сәтте прокурорлар тексеріліп жатқан нысанға барып, оның заңдылығына көз жеткізеді. Тексерушілердің әрекеті заңсыз болса, тоқтатылады. Мобильді топ құрылғалы күмән келтірген кәсіпкерлерден 16 қоңырау түскен. Жеті дерек расталды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау үшін құрылған сараптама кеңесінің құрамына кәсіпкерліктің жілігін шағып, майын ішкендер енген. Атап айтқанда, "Атамекен одағы", облыстық кәсіпкерлер одағы, "Сүт және сүт өнімдерін өндірушілердің қауымдастығы", "Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі қауымдастық", "Базарлар, сауда және қызмет көрсету саласы кәсіпкерлері қауымдастықтарының" төрағалары мен директорлары және облыстық прокуратура қызметкерлері бар. Олар ақтөбелік бизнесмендердің проблемаларын кеңес отырысына шығарып, мемлекеттік қызметкерлермен бірігіп шешпекші. |
Количество показов: 2548
Дата создания: 27.02.2013 19:13:59