Қостанайдан достық керуені жетті
"Достықтың жол картасы" кітабын қостанайлық делегаттар бүгін Ақтөбеге алып жетті. Кітап елде былтыр сәуір айында басталған "Достықтың жол картасы" мега-жобасы шеңберінде бір өңірден екінші өңірге табысталып келе жатқан татулық пен бірлік нышаны. Мәртебелі меймандардың қаладағы күні ортақ мәселелерді талқылаудан басталды. Қатысушылар "Нұр Отан" партиясының жергілікті ғимаратында дөңгелек үстел басына жиналды. Қостанай облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Қойшығара Оспанов екі өңірдің бір-бірінен үйренері көп деген пікірде. Елде былтыр сәуірде бастау алған "Достықтың жол картасы" акциясының көздегені де сол-халықтың бірлігін нығайту, этномәдени бірлестіктер арасындағы мәдени байланысты дамыту, достық үйлерінің жұмысын жандандыру. Елде "Достық үйін" ашқан ең алғашқы өңірлердің бірі Қостанай. Бұл облыста этномәдени орталықтардың ортақ үйі 2006-шы жылы пайдалануға берілген. "Достық үйлерінің" жұмысы бірегей жоба. Ұлттар мен ұлыстардың ынтымақтастығын нығайтуға қолдау көрсетуге Еуропа мемлекеттері енді ғана ұмтылып жатыр. Ал Қазақстанды достық керуені аралап келеді. Ортада қазір достықтың символы ретінде "Достықтың жол картасы" кітабы жүр. Кітап Ақтөбеге жеткенше Өскемен, Павлодар, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл, Қостанайда тұрақтаған. Ел жанашырлары кітапқа өз тілектерін жазып қалдырады. |
Количество показов: 2413
Дата создания: 12.02.2013 19:45:38