Орталық базар маңындағы көлік кептелісі мәселесі ушығып барады
Көпшіліктің барар жері орталық базар болғандықтан айналасында жылдағы кептеліс жойылар емес. Ахтанов көшесіндегі аялдамаға жетіп тоқтау әсіресе қоғамдық көлік жүргізушілері үшін қиын. Тар жолды кеңейткен жағдайда көлік қозғалысына кедергі аз болар еді,- дейді олар. Таң ата басталатын қарбалас тек кеш қарая басылады. Бүгін де аялдамадан қашықтау жерге тоқтаған автобусқа тұрғындар өре түрегелді. Қоғамдық көлік жүргізушілеріне осы үшін дөрекі сөздер айтып, наразылық білдіретіндері де бар арасында. Жолдың тарлығы, көліктің көптігі айтыла - айтыла жауыр болды дейді автобус иелері. Кез - келген жерге тоқтауға тыйым салу белгілері де бар бұл көшеде. Алайда оған көңіл аударып жатқан темір тұлпар иелері көрінбейді. Адам тасып, табыс табуды көздеген таксистер үшін тәртіп нышандарының бар - жоғы бәрібір. Соның кесірінен уақытпен айналым жасайтын қоғамдық көліктерге еркін қозғалу қиын. Ал жолаушылар жүргізушілерге тіл тигізіп дау басталады. Шиеленіскен жағдайды ушықтырып алмау үшін билік өкілдері осы мәселеге араласқаны жөн дейді жүргізушілер қауымы. Айта кетерлігі осы жағдайдың бәрі де Ахтанов көшесінде орналасқан қалалық әкімдікке қарға қадам жерде болып жатыр. |
Количество показов: 2219
Дата создания: 08.01.2013 11:58:26