Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов есеп берді
"Қазақстан-2050 стратегиясы" -жетілген мемлекеттің жаңа саяси бағыты". Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолдауы әсіресе өңір басшыларына нақты міндеттерді жүктейді. Президент тапсырмасының біздің облыста орындалу барысын бүгін Архимед Мұхамбетов баяндады. Әкімнің есеп беру жиынына ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов, осындағы қарапайым тұрғыннан бастап партия, түрлі басқарма, банк, оқу орындары, шаруашылық субъектілері, әлеуметтік нысан, атқарушы орган басшылары қатысты. Облыс әкімі алдымен инфляция, инвестиция секілді негізгі сандық көрсеткіштерге сүйеніп, Ақтөбенің жалпы ахуалын жоғары бағалады. Бұл ретте тіпті республикалық бюджетке кіріс түсіруші донор өңірлер қатарындамыз. Экономиканы дамытуда жүзеге асып жатқан индустриалды-инновациялық бағдарламаның орны бөлек. Қазақстанның индустриаландыру картасына облыстан құны 632 миллиард теңгеден асатын 73 жоба енген. 64 нысан пайдалануға беріліп, 5 мың тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске қосылған өндірістер бүгінге дейін 207 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Былтырдан бастап индустриаландыру картасына тек жоғары технологиялық өнім өндіруге қауқарлы жобалар ғана қабылданып жатыр. Осы ретте өңір басшысы кеніштерді алып, бірақ, оларды жеке мақсатына жаратып жатқан кәсіпкерлермен күрес шарасының күшейтілетіндігін жеткізді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың сөзінше инвестициялық жобаларды ұсынушы кәсіпкерлер мен екінші деңгейлі банктер арасында әріптестік байланысты нығайту керек. Облыста бизнес жобаларды бір де бір рет қаржыландырып көрмеген банктер бар. Биылғы жоспарлар ішінде көпқабатты 60 шақты үйді, 200 шақырымдай инженерлік жүйені қайта жарақтандыру жұмыстары бар. 2015-ші жылға дейін ақтөбеліктерді ауыз сумен қамту 95, ал газбен қамту 92 пайызды құрайтын болады. Алдағы уақытта туберкулезге қарсы күрес диспансері, офтальмологиялық аурухана, балалар тіс емханасы, қан орталығы секілді бірнеше медициналық мекемелердің құрылысы басталады. Биыл 1225 орынға есептелген 12 балабақша пайдалануға беріледі. |
Количество показов: 2316
Дата создания: 27.02.2013 19:13:21