«Нұр Ақтөбе" ауданындағы құрылыс партия мен халық бақылауында
«Нұр Ақтөбе» ауданында салынып жатқан пәтерлердің құрылыс барысын енді ақтөбеліктер бақылай алады. Бұл жерде бүгін "Нұр Отан" партиясының партиялық бақылау бекеті ашылды. Партиялық бекет жаңа аудандағы тұрғын үйлердің құрылысына бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын, құрылыстың сапалы жүргізілуі мен пәтерлердің айтылған мерзімінде пайдалануға берілуін қадағалау үшін қажет. Партиялық бақылау бекетінің мүшелері: қалалық мәслихат депутаты Мұханбетқали Қазкеев пен сегіз жылдан бері пәтер кезегінде тұрған Ауған соғысының ардагері Амангелді Жұмабек ай сайын құрылыс алаңына келіп, жұмыстың жай-жапсарымен танысып отырады. Кемшіліктер болса, жойғызады. Құрылыстың бүгінгі барысын олармен бірге мәжіліс депутаттары қарап шықты. Жаңа ықшам аудандағы алғашқы үйлерге халық осы жылдың мамыр айында қоныстана бастайды.12 блоктан құралған тоғыз қабатты алты үй қазір дайын. Оларда бір, екі және үш бөлмелі 607 пәтер бар. Пәтерлер автономды жылыту бекеттеріне қосылған. Енді аулаларды абаттандырып, үй аралық жолдарды салу ғана қалды. Құрылысшылар көктем келіп, күннің жылынғанын күтіп отыр. Алғашқы тұрғындар қоныстанған кезде ауданда аялдамалар тұрғызылып, автобустар қатынайтын болады. Мектеп пен балабақшаның жобалары енді ғана қолға алынып жатыр. Қала әкімінің орынбасары Геннадий Дудаковтың айтуынша, әлеуметтік нысандарды тез арада салып бітіру көзделген. Өйткені, осы жылы мұнда екінші ықшам ауданның құрылысы басталады. |
Количество показов: 1994
Дата создания: 15.01.2013 12:33:40