«Нұр Ақтөбе» ауданында биыл жас отбасыларға 216 жалдамалы пәтер тапсырылады
Басында үйі жоқ жас отбасыларға баспаналы болу мүмкіндігі туды. Биылдан бастап елімізде жас жанұяларға сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерлер беріледі. Біздің облыста мұндай санаттағы тұрғындарға арналған 216 пәтер "Нұр Ақтөбе" ауданында салынып жатыр. Ерлі-зайыптылар пәтерді сегіз жылға әлдеқайда арзан бағамен жалдап, негізгі құнын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде" жинай береді. Шартты мерзім өтіп, тиісті қаражат жиналған соң, жалдамалы үй отбасы меншігіне аударылады. Осы бағыт бойынша алынған пәтерлердің бір шаршы метрінің құны - жайлылығына қарай 80 - 90 мың теңгенің аралығында. Бағдарламаның өз талаптары бар: біріншіден, өтініш берген мезетте ерлі-зайыптылардың жастары 29-дан аспауы тиіс. Некеде екі жылдан артық уақыт тұрулары шарт. Отбасылы жастардың жалақылары да ескеріледі. Биыл жас жанұяларға кейін сатып алу мүмкіндігімен 216 пәтер жалға берілсе, алдағы жеті жылдың ішінде біздің облыста жастарға арнап 104 мың шаршы метр тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұл - шамамен 1 мың 737 пәтер. Жас отбасы санатына жатпайтын тұрғындардың бірқатары бір-екі жылдықта жалдамалы баспанаға қол жеткізеді. Олар - қала және аудан әкімдіктерінде тұрғын үй кезегінде тұрғандар. "Қол жетімді баспана" бағдарламасындағы тағы бір жаңа бағыт ол - жалдамалы үйді "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" арқылы сатып алу. Компания тапсырысымен биыл "Нұр Ақтөбе" ауданында осындай 20 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Бір шаршы метрінің құны - 88-99 мың теңге шамасында. Жалпы, биыл "Қолжетімді баспана 2020" бағдарламасы аясында облыста түрлі санаттағы 570 адам жалдамалы тұрғын үйдің иесі атанады. |
Количество показов: 2818
Дата создания: 25.01.2013 19:36:26