Мұз құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды
Ақтөбелік құтқарушылар қаламыздан қырық шақырым қашықтықта жолда қалған екі жолаушыны құтқарды. "МАН" жүк көлігімен жолға шыққан жолаушылардың екеуі де Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Олар Ақтөбеге 40 шақырым қалғанда мұз құрсауына тап болған. Шымкент қаласынан Орал қаласына бет алған олардың көліктері мұзға тайып "Самара - Шымкент" бағытындағы тас жолдың 795-ші шақырымында жолдан шығып кеткен. Бастапқыда мұз құрсауында қалған ауыр жүк көлігін шығару құтқарушыларға қиынға соғыпты. Оның үстіне көлік те қатты зақымданған. Қазір жолаушылар жүк көліктерімен бірге Ақтөбеге жеткізіліп, арнайы орындарға жайғастырылды. Оларға ыстық тамақ пен жылы киім-кешектер берілген. Дәл сол күні аталған аймақта Ақтөбеден шыққан тағы бір "Камаз" жүк көлігі мұз құрсауында қалып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Қазір "Самара-Шымкент" бағытындағы тас жолдың осы бөлігінде арнайы техникалар жұмыс істеуде. Аталған ауданның қары тазартылып, тұз себілген. Облысымызда үстіміздегі айдың өзінде жол азабын тартқан бірнеше жолаушыға көмек көрсетіліпті. Сондай-ақ қаңтарда қалың жауған қар мен мұз құрсауында қалған 10 көлік құтқарылған. |
Количество показов: 2400
Дата создания: 29.01.2013 20:07:06