Мәртөк пен Қарғалыдан метеорит қалдықтары табылған жоқ
Бүгін Ресейдің Челябі облысында метеорит жарылды. Қатты соққыдан тұрғын үйлер мен ғимараттардың терезелері шытынап түсті деп хабарлайды "Интерфакс" агенттігі. Тек ресейліктер ғана емес, бүгін ақтөбеліктер де біраз дүрлікті. Куәгерлердің хабарлауынша Мәртөк және Қарғалы аудандарына көктен жарқылдап белгісіз аспан денесі түскен. Тұрғындар таратқан бұл ақпарат облыс құтқарушыларын бей - жай қалдырмады. Метеориттің төменге құлдилап, жер бетіне түскендігіне куә болдық деп Мәртөк, Қарғалы тұрғындары аудандық ТЖ қызметіне бүгін таңда хабарлаған. Облыс орталығындағы ТЖ департаменті өкілдері мәліметтің қаншалықты шындық екендігіне көз жеткізу мақсатында жедел әрекетке көшті. Департамент бастығының орынбасары Бауыржан Сыздықовтың айтуынша куәгерлердің көзіне көрінген аспан денесінің жер бетінде еш ізі де жоқ. Айналаға еш зиян келмеген. Ауыл тұрғындарын дүрліктерген жайт осылайша қауесет боп қалды. Ал Ресейдің Челябі облысында метеориттің жарылғандығы туралы ақпарат расталды. Ол атмосфераның төменгі қабатынан өту кезінде жанған. Қатты соққыдан тұрғын үйлер мен ғимараттардың терезелері шытынап түсті. Жарылыстың қаттылығы сонша мырыш зауытының бір қабырғасы құлап түскен. Бүгін әлеуметтік желілер мен ресейлік арналар Челябіде түсірілген әуесқой бейнекөріністерге толып кетті. Жанған нысандардың жерге құлағанын Қостанай облысының тұрғындары да көрген. Қас - қағым сәтте болған жайтқа олар таңғы сағат 9 сағат 15 минутта куә болыпты. Жанған құйрығы бар теннис добындай жап-жарық шар аймақтағы Тобыл өзенінен әуежай бағытына ұшып өткен. Метеорит Ресейдің Челябі облысына 1949 жылы да түскен. Ол жылы метеорит жаңбыры болып, тұрғындар ғалымдарға 300 келідей аспан тастарын жеткізген. Ғалымдар енді дәл осы Челябіде бір жылдан кейін тағы да осындай құбылыс қайталануы мүмкін деп болжап отыр. Бүгінгі құбылыстан құрбан болғандар жоқ. Бірақ, 500-ге жуық адам түрлі жарақатпен дәрігерлерден көмек алған. |
Количество показов: 2692
Дата создания: 15.02.2013 20:02:33