Лаңкестікті насихаттаған 3 ақтөбелік сотталды
17 жастағы жасөспірім Саламат Ахет лаңкестікті насихаттады деп айыпталып, қалалық соттың үкімімен 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Бүгін судья Нұрлыбек Ормаханов қаңтар айынан бері жүріп жатқан іске қатысты үкімді жариялады. Тағы екі жігіт Аслан Жақаев пен Нұрсұлтан Теңізбаевтардың әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК 233-бабының 1-тармағы бойынша 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тиесілі. Саламат Ахет 3 жылын жалпы тәртіптегі колонияда өтейді. Нұрсұлтан Теңізбаев пен Аслан Жақаевтар да жалпы тәртіптегі колонияда 5 жылдан жазасын өтейді. Бірақ, судья олардың жазаларын өтеу мерзімі олар тұтқынға алынған 2012-жылдың 4 қыркүйегінен бастап есептелсін деп үкім етті. Жігіттердің ата-ана, туған-туыстары балаларына берілген жазамен келіспеді. 32 тістен шыққан сөз 32 рулы елге тарайды. Бұл жігіттер "Алла" деген атау беріп, арақ шығарған қаладағы өндіріс орнына өшіккен. Орталық стадионға футбол матчына барып, автобусқа тиеліп келген тәртіп сақшыларының қару-жарағына көз тіккен деп айыпталды. Бұған дейін берген сұхбатында ата-анасы Саламат Ахетті ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері сабаққа бара жатқан жерінен, көшеден ұстап алып кетті деп айтқан болатын. Сондай-ақ іске куә ретінде қатысқан 23 жастағы Асхат Сәкеновті басты қылмыскер деуден таймай отыр. Заң бойынша 15 күн ішінде балалардың ата-анасы сот үкіміне наразылық келтіре алады. Әрине бұл мүмкіндікті олар қалт жібермек емес. Әділдікке жету үшін соттың барлық сатысына шағымдануға бел буып отыр. |
Количество показов: 2103
Дата создания: 19.02.2013 19:08:32