Киім-кешекті тегін беретін дүңгіршек ашылды
Киім-кешек тегін таратылып жатыр. Мұқтаж жандар әлеуметтік дүңгіршектен өзіне қалағанын таба алады. Ал осы іске бастамашы болған кәсіпкер Мақсат Түймалиев қала тұрғындарына үйлеріндегі ескі киім-кешекті, тұрмыстық заттарды дүңгіршекке әкеліп тапсыруын сұрайды. Мақсат Түймалиевтің жеке кәсібі бар. Дүңгіршек ашу арқылы мұқтаж жандарға көмектескім келді дейді ол. Жақсылық жасап жатырмын деп жоғары жақтағылардың есігін де қақпапты. Сауда орнындағы орынға өзі қаражат төлеп, жалға алып отыр. Ал киім-кешекті жинау туралы ұсынысын әуелі жақын достарына, олардың таныстарына айтқан. Дүңгіршек ашылғалы бері 200-ден астам адам хабарласып ескі заттарын тапсырған. Киім-кешектен бөлек, балалардың арбасы, ойыншық, кітаптар, тіпті бейнемагнитофон секілді тұрмыстық заттар да бар. Кез келген адам өзіне қажетті таңдап алады. Бәрі де-тегін. Қайырымдылық шарасына қатысуға ерікті 150-ден астам жас бар дегенмен, дүңгіршекте отыруға ешкім құлық танытпапты. Киім-кешекті қабылдайтын, үлестіріп беретін адам жетіспейді. Бұл жұмысқа Мақсат әзірге жеке фирмасының қызметкерлерін тартып отыр. Мәселесін биліктің партиясы шешіп берді. "Жас Отан" жастар қанатының мүшелері енді сабақтан тыс уақытта дүңгіршікте алма-кезек кезекшілік етеді. Соңғы уақытта халық арасында дүңгіршек жабылып қалды деген қауесет тараған. Кәсіпкер мұны жоққа шығарды. Керісінше, қайырымдылық шарасының аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жылжымалы бекет ұйымдастырмақшы. Көп қабатты үйлердің ауласына барып, киім-кешек, заттарды қабылдайды. Дүңгіршек "Батыс" сауда орталығында 5 бутикте орналасқан. Таңғы сағат 9-дан кешкі алтыға дейін жұмыс жасайды. |
Количество показов: 2687
Дата создания: 01.02.2013 19:57:39