Хромтау мәжілістегі ақтөбелік депутаттардың бақылауында
Экономикасы тек бір ғана кәсіпорынға тәуелді шағын қалаларды әр тараптандыру қажет. Елімізде 27 қала моноқала ретінде танылып, республикалық бюджеттен қаржы қарастырылды. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында 25 мың халқы бар Хромтаудың үш жылға арналған кешенді жоспары жасалды. Бүгін өндірістік аумақта ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Глеб Щегельский, Ізбақ Өмірзақов болып қайтты. Халық қалаулылары тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берді. Былтыр Хромтау қаласына республикалық бюджеттен бөлінген 96 млн теңгеден астам қаражатқа бірқатар шаруа тындырылған. Қалаға кіре беріс көлік жолдарын жарықтандыру ісі, 18 қабатты тұрғын үйлер ауласына балалардың ойын алаңы жасалған. Саябаққа ашық сахна, субұрқақ орнатылыпты. Халық қалаулылары шағын қаладағы тұрғын үйлердің ахуалынан да хабардар. Ал мына көп қабатты үйлер мемлекеттік терможаңғырту бағдарламасы бойынша жаңартылған. Екі жыл ішінде республикалық бюджеттің 76 млн теңгесіне бес тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Мәліметке сүйенсек, Хромтаудың өзінде жеті балабақша бар. Оның бірі жаңадан ашылған. Хромтау қаласы әкімінің орынбасары Сейтмағамбет Шілмановтың айтуынша әлі де мектепке дейінгі мекеме ғимараттары жекенің қолынан кері қайтарылады. Демек жұмысбасты ата - аналар үшін еш мәселе туындамауы тиіс. Тұрғындар радио толқынына қосылу, талшықтық-оптикалық байланыс желiсi болмағандықтан, интернетке қол жеткізе алмау мәселесін жеткізді. Депутаттар мұны жергілікті деңгейде, қаржы көздерін табу арқылы шешу керек деді. Халық қалаулылары Глеб Шегельский, Ізбақ Өмірзақов жыл бойы Хромтауға жиі іссапармен келетіндіктерін мәлімдеді. Моноқаланы дамыту бағдарламасы аясында туындаған қиындықтарды бірігіп шешуге уәде етті. |
Количество показов: 2292
Дата создания: 16.01.2013 18:56:27