Дүние жүзінің үздік теннисшілері Ақтөбеде
Дүние жүзінің үздік теннисшілері Ақтөбеде! Бүгін Кірпіштідегі теннис орталығында үлкен теннистен ерлер арасында халықаралық турнир басталды. Әлемнің 13 елінен жиналған ракетка шеберлері ірі жүлде қорына таласып жатыр. Теннистің майталмандары Надаль, Федерер, Маррейлер келмесе де, солармен кортта кездескен Қытайдың №1 ракеткасы - Зе Жанг, хорватиялық Мате Павич, ресейліктер - Александр Кудрявцев пен Александр Лапковтар ракетка түйістіреді. Мысыр, Зимбабве, Италия, Германия, Словакия, Эстония елдері де өз спортшыларын жіберген. Олардың ойынына ирандық бас төреші Әли Катеби төрелік етеді. Дүние жүзінің 45 ракетка шебері таласатын жүлденің қоры қомақты. 15 мың АҚШ доллары. Турнир чемпионы сондай-ақ, әлемдік рейтингтің 27 ұпайына қол жеткізеді. Қазақстан ұлттық құрамасының намысын бұл додада 16 теннисші қорғауда. Араларында әйгілі Юрий Щукин бар. Ол жұптық санатта ғана ойнайды. Ақтөбенің атынан кортқа үш жігіт шыққан еді. Дан Дэйчер мен Константин Богданов алғашқы сыннан әріге бармады. Арсен Ескендіров қана екінші айналымға өтті. Сегізден бір финалда Арсен беларусь Егор Яцукпен кездеседі. Арсеннен өзге, жекелей санатта кортқа шыққан қазақстандық жас спортшылардан тағы төрт жігіт финалға жолдама алды. Бұл турнир танымал теннисшілерге тәжірибе алмасу алаңы болса, жастар үшін кәсіби теннис әлеміне алғашқы қадам. Осы жолы жақсы нәтиже көрсеткендері бұдан да үлкен жүлде қоры бар әлемдік корттарға жолдама алады. Турнир ақпанның 24-де аяқталады. Жарысқа қатысушылар Кірпіштідегі теннис орталығын жоғары бағалады. |
Количество показов: 2121
Дата создания: 18.02.2013 19:23:38