Биыл Ақтөбеде терможаңғырту бағдарламасына 1 млрд. 625 млн. теңге жұмсалады
Бүгін Ақтөбеде терможаңғырту бағдарламасы аясында тағы бір үй іске қосылды. Аталмыш үйдің күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған. Тургенев көшесінің бойында орналасқан мына көпқабатты үйде 60 пәтер бар. Терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуге солардың 80 пайыздан астамы келісімін беріпті. Құны 31 млн. теңгені құрайтын жобаны мердігер компания "Жаңа таң ТВ" ЖШС қолға алған. Аталған қаржыға үйдің сыртқы келбеті мен инженерлік жүйесі жаңартылып, шатыры алмастырылды. Сондай-ақ компания өкілдері бұл қаражатқа үйдің барлық электр жүйесі мен кіреберістерін де жөндеген. Жасалған жұмыстар бойынша енді әрбір тұрғын өз пәтерінің ауданына сай ақы төлеуі тиіс. Мұндай төлемдердің ай сайынғы орташа мөлшері 2,5-3 мың теңге аралығында. Мемлекеттік терможаңғырту бағдарламасы басталған 2 жылдың ішінде Ақтөбеде 80-нен астам үйге жөндеу жүргізілген. Соның 28-нің құрылысы 2012 жылы аяқталып, қолданысқа беріліпті. Ал үстіміздегі жылы осы мақсатқа республикалық бюджеттен 1 млрд. 625 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп отыр. Аталған қаражатқа Ақтөбеде 80-нен астам көпқабатты үй жөнделетін болады. |
Количество показов: 2575
Дата создания: 11.01.2013 13:00:16