Бесінші түрмеде бүлік шығарғандар сотталды
№2 қалалық сотта бүгін бүлік кезінде түрме әкімшілігіне бағынбады деп айыпталғандарға қатысты сот үкімі шықты. Жаппай тәртіпсіздіктер былтыр шілде айында бесінше түрме аталып кеткен тергеу абақтысында орын алған болатын. Нәтижесінде, үш сотталушы 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды. Түрмедегі жаппай бүлік кезі. Жазасын өтеушілер колония тәртібін жұмсартуды талап етіп, ереуілдеп жатыр. Абақтыдағылардың көмектесіңдер деп ақ жаймаға қанмен жазып, терезеден айқай салғаны түсірілген бұл бейнекөріністі көрмеген адам жоқ. Сол бүлікті ұйымдастырып, жаппай тәртіпсіздік кезінде белсенді болды деп айып тағылған үш жігітке судья Гүлнәр Тілепова бүгін жаңа үкім кесті. 25 жастағы Әділет пен 21 жастағы Мейрам жазаларын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады. Ал, жасы 26-дағы Александр жалпы тәртіптегі түзету мекемесіне тоғытылады. Бұрынғы жаза мерзіміне тағы бірнеше жыл қосып алған сотталушылардың туған-туысқандары сот үкімімен келіспей отыр. Судья Гүлнәр Тілепова үкімді оқып болған соң, олардың 15 күн ішінде аппеляциялық шағым түсіруге мүмкіндіктері бар екенін ескертті. Судья сондай-ақ атүсті тергеу жүргізген тергеушілер тобын тәртіпке салуды ескертіп, облыстық ішкі істер департаменті басшыларына жеке қаулы жолдады. Тағы бір қаулы қылмыстық атқару жүйесі Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жөнелтілді. КА 168/1 мекемесіндегілер бүлік болатынын білгенімен, алдын алатындай әрекет етпеген делінген қаулыда. |
Количество показов: 2396
Дата создания: 04.02.2013 21:28:58