Белгіленбеген орында темекі шеккен 500 ақтөбелік жауапкершілікке тартылды
Ақтөбелік полицейлер шылымқұмарларға қарсы күресті одан әрі күшейтуде. Қаңтардың 8 мен 10-ы аралығында қаламызда арнайы акция өткізілді. Осы 3 күн ішінде тәртіп сақшылары белгіленбеген орында темекі шеккен 500 ақтөбелікті анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Аталған тұлғалардың барлығына 1-ден 5 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін айыппұл салынды. 9 ақпан күні учаскелік полиция инспекторлары рейд жүргізу барысында Ағайынды Жұбановтар көшесінің бойындағы 257-үйдің подъезінен 20-23 жас аралығындағы бір топ жігітті ұстаған. Олар ішімдік ішіп, қоғамдық жерде темекі шегіп тұрған. Аталған тұлғалар әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ құқық бұзушылармен алдағы уақытта осыған ұқсас тәртіпсіздікке жол бермеу жөнінде әңгіме жүргізілді. Жалпы шара өткізілген күндер ішінде дәл осындай көпқабатты үйдің подъездерінде шылым шеккен 350 ақтөбелік анықталған. Сондай-ақ өткен аптада бірқатар шенді полиция қызметкерлері қала тұрғындарымен кездесіп, ашық есік күнін өткізді. Шара барысында Нәби Алдамжаров, Арман Құрметов, Ерлан Алтынбаев, Бақытжан Нұрғалиев сынды облыстық ІІД-нің лауазымды басшылары екі сағат бойы азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, қоғамдық тәртіпті қорғау, жол қауіпсіздігі және көші-қон заңдары бойынша кеңестер берді. Екі сағат ішінде полицейлер 20-дан астам адамды қабылдаған. Азаматтардың арыз-шағымдары да әртүрлі. Мәселен 67 жастағы әйел тәртіп сақшыларына көршілерінің үстінен арызданды. Оның айтуынша олар адамгершілікке жат өмір сүреді. Аталған арыз бойынша қазір іс-шаралар қолға алынуда. |
Количество показов: 2466
Дата создания: 11.02.2013 19:46:23