Бірнеше жерде жұмыс істейтін дәрігерлер науқастарға жүрдім-бардым қарайды
Сынықтан сылтау іздеп, емделушіге тиесілі тегін медициналық көмекті көрсетпей, ақша сұрауды доғарыңдар. Айыппұл төлеп құтыла салу- өткен шақ. Ендігәрі бұл шаруамен өзге құзырлы органдар айналысатын болады. Бүгін бас дәрігерлердің басын қосқан медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті департаментінің директоры Рахымжан Арыстан осылай деп шегелеп айтты. Ақтөбелік ақ халаттылар соңғы уақытта облысқа ғана емес, бүтін республикаға танымал деуге болады. Біресе, бүлдіршін қыздың сау тістерін жұлып, бір дүрліктірсе, соңғы диагноздарымен тіпті, дүйім жұрттың жағасын ұстатты. Жасөспірімді "жүкті" қылып, дәрменсіз дәрігерлер рейтингінің көшін бастады. Дәрігерлердің салғырттығы бүгінгі жиында да айтылды. Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитеті департаментінің директоры Рақымжан Арыстан мұның бірнеше себебі бар дейді. Дәрігерлердің ақша табу үшін жанталасы, бірнеше жерде қызмет етуі де кесірін тигізеді. Анда-мында үлгермей, алдына ауруын айтып келіп отырған адамға мән бермейді. Өткен жылы медициналық қызмет сапасына көңілі толмағандардан 112 шағым түскен. Департамент оның бәрін сараптап, жүз пайыз тексеру жүргізген. Соңында тек 11 жағдайдан басқасының барлығы негізсіз екендігі белгілі болған. Оның ішінде тегін берілетін дәрі-дәрмекпен қамтылмау, сапасыз көрсетілген ем-дом секілді келеңсіз жайттар бар. |
Количество показов: 2279
Дата создания: 24.01.2013 19:28:04