Ауған соғысының мүгедек ардагері пәтер жағалап жүр
Бүгін-Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 24 жыл. Ақтөбелік жауынгер-интернационалистер ұрыс даласында қаза болғандардың рухына тағзым етіп, еске алды. Қазір облыста 998 Ауған соғысының ардагері тұрып жатыр. Есет батыр көшесі мен Абай даңғылының қиылысындағы ескерткіш маңы таңертеңнен қарақұрым халыққа толы. Жауынгер-интернационалистер Ауған жеріндегі соғыста қаза болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. 110 айға созылған Ауған соғысы туралы пікір әрқилы. 1986 жылы әскерге қабылданып, Кабулға жеткен жауынгер Болат Жақыпов "қисынсыз соғыс" болды деген пікірді ұстанатындардың қатарынан. 1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның арты аяқталмас соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. Сөйтіп 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысты, олардың 924-і қаза тапты, 21 адам хабарсыз кетті. Елге мүгедек болып оралғандар да бар. Соғыстың зардабын қазір тартып жүргендер де-жетерлік. Көбен Баймұқанов-сол көптің бірі. Бүгін замандастарымен ескерткіш маңындағы қауышуға бара алмады. Төсекке таңылғанына- биыл екінші жыл. 2006 жылы алған инсульттен соң денсаулығы сыр бере бастады. Абайсызда тайып жығылып, сол жақ жамбасын сындырып алған соң, тіпті жатып қалды. Екі ұлының болашағын ойлап, әрі қаладағы дәрігерлердің бақылауында болсам, жағдайым түзелер деген сеніммен 2007 жылы Ойылдан қалаға көшіп келеді. Содан бері пәтер жағалауға мәжбүр. 18 шаршы метрлік аядай бөлме Көбен ағайдың отбасы үшін ас үй де, жатын бөлме де. Қуықтай ғана бөлменің өзін жалға алып отыр. Ай сайын жиырма бес мың теңге төлейді. Қазір отбасын асырап отырған 24 жастағы үлкен ұлы. Ұлының 50 мың жалақысы мен өзінің 30 мың теңге мүгедектік зейнетақысына күн кешіп отыр. 22 жасар екінші ұлы - жұмыссыз. Ал жұбайы Зура апай- ағайдың жағдайына қарайлайды. Ас-суын әзірлеп, жағдайын жасайды. Билік басындағылардан "кезекті күтіңдер" деп жауап естуге еті үйренген жауынгер тұрғын үй кезегінде қазір 460-шы болып тұр. |
Количество показов: 2702
Дата создания: 15.02.2013 20:02:04