Қарғалы ауылдық округінің әкімі есеп берді
Ақжар ауылының қары аршылмайды. Көшелерде жарық жоқ. Тұрғындар базыналарын бүгін халық алдында есеп берген Қарғалы ауылдық округінің әкіміне жеткізді. Қалаға жақын маңдағы Ақжар ауылында газ бен суға қатысты мәселе жоқтың қасы. Оны ауыл тұрғындары өздері мойындап отыр. Бірақ, өткен жылы су мен газ кіргізіп берген жергілікті билік көшені жарықтандыруды, асфальт төсеуді, қыста қар аршитын техникамен қамтамасыз етуді ұмытыпты. Бүгін Қарғалы селолық округінің әкімі тұрғындарға есеп берді. Қарғалыға қарайтын Ақжар, Ясное, Мағаджан ауылдарына жыл санап халық көптеп қоныстануда. Сондықтан былтыр 5,17,19,29,23 бағыттағы автобустар жиі қатынай бастаған. Былтыр Ақжарда 30 орындық жеке балабақша ашылса, биыл Заречный-4 елдімекенінде мың орындық орта мектеп пайдалануға берілмек. Жұмыссыздықты азайту мақсатында Қарғалыға қарасты 4 округте 15 адам жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, 22 жас маман қызметке орналасқан. "Көркейе бер туған жер" акциясына байланысты кәсіпкерлер Ясное ауылындағы № 41 орта мектептің шатырын күрделі жөндеуге 2 млн теңге бөлген. Қарғалыдағы № 53 орта мектептің жылу жүйесі толықтай жөндеуден өткен. Округтегі 12 шаруа қожалығында 42 мүйізді ірі қара, 40 бас аналық, 2 асыл тұқымды бұқа сатып алуға 7 млн теңге несие бөлінген. Ал биыл Ясное-2 елдімекенінде 320 орындық балабақшаның құрылысы басталуы тиіс. |
Количество показов: 2517
Дата создания: 22.01.2013 19:14:52