Қаланың түнгі клубтары мен мейрамханаларында сауық құру қауіпті емес
Шаһардағы ең ірі, әрі ескі мейрамханалардың бірі - "Томирис" мейрамханасы. Қонақ залы 300 адамға есептелген ғимарат жақында ғана күрделі жөндеуден өтті. Электр сымдары, қалқандар, дабыл қағу қондырғылары жаңартылды. Төрт жерге өрт сөндіру құралы қойылды. Өрт бола қалған жағдайда қонақтарды қауіпсіз жерге шығару жоспары қайта жасалды. Мейрамхана басшылығы бәрін де өрт сөндірушілердің талабы бойынша орнаттық дейді. Қаланың түнгі клубтары мен мейрамханаларында сауық құру қауіпті емес. Бұл - қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының пайымы. Басқарманың бас маманы Дархан Халмұратовтың айтуынша, көңіл көтеру орталықтарының қожайындары қазір өрт қауіпсіздігі шараларына келгенде аса мұқият. Дегенмен, соңғы рет екі жыл бұрын жүргізілген тексерулер клубтардың кемшіліксіз еместігін көрсетті. Мәселен, мұндай нысандарда әкімші, даяшы секілді қызмет көрсетушілер өрт кезінде қалай әрекет ету керектігін біле бермейді. Клуб не мейрамхана атын қараламау үшін от тұтанған кезде нысан иесі өрт сөндірушілерді шақырмайтыны да ақиқат. Өкінішке орай, ондай қожайындарды жазалау мүмкін емес. Төтенше жағдайлар басқармасы көңіл көтеру орындарын жыл сайын тексере алмайды. Жиырма адамнан аз мейман жиналатын дәмханаларда тәуекелділік деңгейі төмен, сондықтан, мамандар оларды бес жылда бір рет тексеруге құқылы. Қазір Ақтөбеде үш ірі түнгі клуб пен 30-дан астам мейрамхана, 100-ден көп дәмхана жұмыс жасайды. Әзірге қала тарихында клубтар мен мейрамханаларда өрт себебінен болған адам өлімі тіркелген жоқ. |
Количество показов: 2603
Дата создания: 29.01.2013 20:06:36