Қала әкімі кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен кездесті
Биыл қалада бес өндіріс ошағы ашылып, онда 700-ден астам адамға жұмыс табылады. Ең ірісі - Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылысы күзде аяқталатын төртінші цехы. Бүгін шаһар басшысы Ерханов Омаров "Металлургтер" мәдениет үйінде еңбек ұжымдары және кәсіпкерлермен кездесіп, көпшілікке қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында есеп берді. Қаланың экономикалық көрсеткіштері көз қуантады. Негізгі капиталға былтыр 158 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Индустрияландыру Картасы шеңберінде шаһардың өзінде 10 өндірістік нысан іске қосылып, 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл да бұл қарқын сақталмақ. Атап айтар болсақ, жыл соңына дейін қалада ферроқорытпа зауытының төртінші цехының құрылысы бітеді. 500 адам жұмысқа алынады. Металлургия және құрылыс индустриясы саласында тағы бес өндіріс ошағы ашылып, онда 226 адам еңбектенетін болады. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша былтыр қала кәсіпкерлерінен 120 өтініш қабылданып, 95-і субсидияға қол жеткізді. Тағы 12 шағын және орта бизнес өкіліне қаржылық қолдау көрсетіліп, 11 іскер инфрақұрылымын жаңартып алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында Ақтөбеде кәсіпкерлер саны артты. Қазір 34 мың 200 іскер бар қалада. Инфляция деңгейі де әкімшіліктің бақылауында. Бағаның өсуін болдырмау үшін билік базарлар мен бөлшек сауда өкілдерімен келісім-шарттар жасасты. Әлеуметтік салада біраз шаруалар атқарылды. Енді бірқатары биыл тындырылады. Осы жылы терможаңғырту бағдарламасы бойынша 70 үй жөндеуден өтеді. "Нұр Ақтөбе" ауданына, Елек ауылы мен Жаңақоныс аулындағы "Жастар" ауданына апаратын жолдар биыл салынады. Қала ішінде Кеңес Одағы батырларының есімдері берілген 36 көшенің жолы жаңарады. Осы айда Оңтүстік-Батыс ауданында 600 орындық мектеп пайдалануға берілуі тиіс. |
Количество показов: 2129
Дата создания: 05.02.2013 19:53:15