Қала басшысы тұрғындармен кездесті
Соңғы жылдары Ақтөбе қаласы үлкен қарқынмен өсіп келеді. Жаңа тұрғын массивтері мен жаңа нысандар ашылып, облыс орталығы қазіргі заманға сай өзгеруде. Бұл жөнінде бүгін шаһар басшысы Ерхан Омаров тұрғындармен өткен кездесу барысында мәлімдеді. Бүгінгі қала әкімімен өткен кездесуге шаһарымыздың ескі бөлігі мен соңғы жылдары салынған "Гүлдер" шағын ауданының тұрғындары қатысты. Осыған дейінгі болған кездесуінде Ерхан Омаров Ақтөбенің бизнес өкілдерімен бас қосқан болатын. Ондағы есептің негізгі бөлігі де сол бағыттарға арналғанды. Ал бүгінгі жиын барысында қала басшысы Ақтөбенің 2012 жылы қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Қала әкімдігі жұмысының басым бағыттарының бірі - инфляция деңгейін тұрақты бақылауда ұстау және негізсіз баға өсуіне жол бермеу. Осы мақсатта өткен жылы бірқатар нақты шаралар атқарылған. Соның бірі бөлшек сауда желілерімен негізгі азық-түлік өнімдеріне 10 пайыздық үстемені сақтау бойынша жаңа меморандумға қол қойылды. Қаламызда 9 түрлі азық-түлікке арналған арнайы тұрақтандыру қоры бар. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 11,3 млрд. теңгені құраған. Дегенмен бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда біршама төмен. Бұл 2012 жылы облысымызда орын алған құрғақшылықпен тікелей байланысты. Осыған орай қазір қала маңында агробизнес жүйесін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Үстіміздегі жылы осы саланы көтеруге қазынадан біршама қаржы жұмсалып, арнайы технологиялар сатып алынатын болады. |
Количество показов: 2154
Дата создания: 06.02.2013 19:10:30