Ақтөбенің түзету мекемелерінде сотталғандарға көрсетілетін медициналық қызмет жақсарады
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өткен жылы "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы аясында жаңа медициналық жабдықтар сатып алған. Оның ішінде ұзындығы 25 метрді құрайтын жылжымалы медициналық кешен де бар. Дәрі-дәрмекпен толықтай қамтамасыз етілген кешен департаментке қарасты Жем қаласындағы КА-168/5 мекемесіне жіберілген. Сондай-ақ, 2012 жылы облыс бойынша түзету мекемелерінде ақылы жұмысқа тартылғандар тұтқындар санының 45 пайызын құраған. 2012 жылы облыс бойынша "ҚР тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық туралы" заңына сәйкес, жаза мерзімінің кемінде төрттен бір бөлігін өтеген 188 сотталушы еркіндікке шыққан. Ал 156 тұтқынның жаза мерзімі қысқартылған. Бұл мәліметтерді бүгін облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Марат Таласбаев өткен жылды қорытындылаған баспасөз маслихатында жария етті. Мекеме басшысы 2012 жылда сотталғандардан 3 келіден аса есірткі заттары, 258 мың теңге ақша, 400 литрдей спирттік ішімдік, 348 ұялы телефон тәркілегенін жеткізді. Былтыр азық-түлік арқылы жасырын түрде тыйым салынған заттарды өткізгісі келген 55 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айта кетерлігі, бүгін түрмеде отырғандардың қолынан шыққан ағаш бұйымдар алғаш рет көрсетілді. Облыстық ҚАЖ департаментінің КА-168/3 мекемесінде "Ақтөбе көпсалалы колледжі" 11 мамандық бойынша бас бостандығынан айырылған азаматтарға білім береді. Бұл жерде олар электр жабдықтарын жөндейтін дәнекерлеуші, ағаш өңдеу станогының маманы, арматуршы, сантехник, жөндеуші болып шығады. Өткен жылы бұл колледжді 220 жазасын өтеуші бітіріп шыққан. 2011 жылмен салыстырғанда құрт ауруына шалдыққандар саны 23 адамға азайған. Тәулігіне республикалық бюджеттен бір тұтқынға 1448 теңге ақша бөлінеді. Ол қаражатқа коммуналдық, тұрмыстық қызметтер, тамақ, киім-кешек кіреді. Ал сотталған азаматтың бір күндік еңбекақысы 600 теңге 85 тиын. |
Количество показов: 2511
Дата создания: 07.02.2013 19:21:09