Ақтөбелік Күншім Жексенбаева жүзге толды
Ғасыр жасаған ақтөбелік Күншім Жексенбаеваның шаңырағында бүгін үлкен той. Жүзге келген кейуананы бала - келіні, туған - туыстары қаумалап құттықтауда. Ғасыр жасаған кейуана аштықты да, сұрапыл соғыстың салқынын да басынан өткерген жан. Күншім Жексенбаеваның көп жасауының сыры -тынымсыз адал еңбегінің арқасы. Ұлы Отан соғысы жылдарында өгіз айдап, жер жыртып ерлерше тер төккен. Қарияның қажыр - қайратының молдығы да содан болар, - дейді келіні Сәуле апай. Күншім әжей жалғыз ұлы Базарбектің шаңырағының киесі. Жетпіс төртке аяқ басқан Базарбек Уайсов анасы барда көңілі шалқып тасып, зейнет жасында екенін естен шығарады. Шөкімдей ғана кейуананы балаша баптап, батасын алып отыр. Соңғы бес - алты жылда қос жанарынан айрылған Күншім әжей таңның атқанын, күннің батқанын білмейді. Алайда бір ермегі - құмалақ ашып уақыт өткізеді. Туыс- туғандары амандық сұрап келіп қалар деп елеңдеп отырады. Бір өкініштісі, келіні Сәуле апайдың айтуынша, қарттар күнімен құзыретті орган өкілдерінің бірі де Күншім Жексенбаеваны құттықтап келмеген. Ғасырға толған әжейдің әулетінде көп жасаған ағайындары болыпты. Алайда Күншім Жексенбаева олардың барлығынан асып түсіп, жүзінші қысты басынан өткеріп отыр. Ағарған дәмнің қуатына сенеді ме, қарияның қорегі сәбилерге арналған тәтті ірімшік. Қорабымен алып қойып, балмұздағымды бер деп тамсанып жейді. Жалғыз перзентінен екі немере, бес шөбере сүйген ғасыр куәгерінің арманы жоқ. Тек ұрпағымның қайғы -қасіретін емес, қуанышын көріп өтейін дейді көпті көрген кемеңгер. |
Количество показов: 2391
Дата создания: 10.01.2013 13:01:08