Ақтөбедегі ұлттар мен ұлыстар тату тірлік кешіп жатыр
Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов бүгін өңіріміздегі этно - мәдени бірлестік мүшелерімен кездесті. Осыдан 6-7 жыл бұрын этно-мәдени орталық өкілдерінің бастары бірікпек тұрмақ, кез - келген ғимаратты сағалап, тұрақты мекенге зәру болатын. Енді міне лауазымды тұлғаларды шағын отандарына айналған "Достық" үйінде күтіп алатын күн туды. Ұсақ - түйек мәселелерді олар жергілікті биліктің араласуымен шешіп жүр. Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов та ұлттар мен ұлыстардың жарасқан тірлігіне куә болды. Діні мен ділі басқа халықтардың мәдениеті, ұлттық салт - дәстүрлері санасында сақтаулы. "Достық" үйіндегі шағын мұражайды тамашалаған Ералы Тоғжанов әрқайсысының көңіл - күйін білуге тырысты. Түрлі ұлттың ақ дастарханы мен кең пейіліне, өрісті өнерлеріне бас иді. Ақтөбеде барлығы 18 этно-мәдени орталық жұмыс жасайды. Облыс әкімдігінің қолдауымен алты жексенбілік мектепте жас буын өкілдері өз тілдерін үйреніп, тарихи мұраларын зерттеуге ден қояды. Ал бірқатар бірлестіктердің облыс аудандарында шағын бөлімшелері бар. Хромтау, Қарғалы және Мәртөкте. Қазақстан халықтары ассамблеясы төрағасы орынбасарының жұмыс сапарының басты мақсаты - елбасының халыққа жолдауын кеңінен насихаттау. Осы бағытта "Достық" үйінде де шағын жиын өтті. Ералы Тоғжанов мәдени ошақ құрылғалы бері тарихи естелікке айналған тілек кітапшасына татулықтарың берік болсын деп қолтаңба қалдырды. Халықтың қуаты - бірлікте екендігін Қазақстанды мекен еткен ұлт өкілдері терең түсінуі керек дейді мәртебелі мейман. |
Количество показов: 2593
Дата создания: 08.02.2013 18:59:55