Ақтөбедегі лаңкестікке - 2 жыл
Қаскөйлер дүкеннің ішінен небары 9 минуттың ішінде 20 шақты қаруды ұрлап шығады. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшыларына қарсы оқ жаудырып, жаралайды. Сол аралықта атысқа еш қатысы жоқ, көлігінен шыққан 69 жастағы зейнеткерді өлтіріп кетеді. Кейін қаруланған топтың алты адамнан тұратын бір бөлігі полиция көлігін айдап, қаланың ескі бөлігіндегі "Пантера" қару дүкеніне жетеді. Баса-көктеп кіріп, ішіндегі екі адамды пышақтап, біреуі сол жерде қаза тапты. Дүкенге жеткен полиция қызметкерлері үш қылмыскерді атып өлтірді. Біреуі жаралы күйде ұсталды. Екеуі қашып үлгерген. Кейін олар қаланың шетінен табылып, полиция оғынан өлген. Лаңкестердің 17 адамнан тұратын екінші тобы көшеде автобусты басып алып, жүйткіп отырып № 6655 -әскери бөлімнің қақпасын бұзып өтеді. Аяусыз атысып, үш сарбаз мерт болды. Алты адам жараланды. Қылмыскерлер әскери бөлімнің қару-жарақ қоймасын нысанаға алған. Тап бір жау басып кіргендей әскери бөлімнің ішінде кескілескен шайқас жүріп жатты. Бір қылмыскер өлтіріліп, біреуі жараланған. Қалғандары жан-жаққа шашырап, қашып кеткен. Оларды іздеу басталды. "Паллада" дүкенінің маңынан бесеуі қолға түсті. Түнде тағы екеуі ұсталып, бесеуін атып өлтірген. Ақтөбедегі бұл қанды оқиға теракт деп жарияланды. Лаңкестердің қолынан қаза тапқандар - майор Даниель Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев пен қатардағы жауынгер Досбол Сапар еді. Бүгін №6655 әскери бөлімінде өткен еске алу шарасына қаза тапқан әскерилердің туыстары мен сарбаздар қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шараға кіргізілген жоқ. Әскерилердің айтуынша, бұған қала бойынша өтіп жатқан оқу-жаттығу шаралары себеп. Сол қанды маусымда ұлынан айырылған аналардың бірі-67 жастағы Гүлжан Еренова. Кіші сержант Берікжан Қалиевтің анасы. Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданына қарасты Жақсыбай ауылының тұрғыны. Арадағы 1000 шақырымнан астам қашықтыққа қарамастан, зейнеткер Ақтөбеге жылына бірнеше рет келеді. Себебі ұлының соңғы он жылы Ақтөбеде өткен. Баласынан кенетте айырылған ананың жарасы жазыла қоймаған. Тірі болса ұлым биыл 40 жаста болар еді,-деп еске алады.
Количество показов: 1517
Дата создания: 05.06.2018 18:09:49