Ақтөбеде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті
Бүгін қалалық жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Шара негізінен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Осыған орай бүгінгі жәрмеңкеге келгендердің дені мүгедектер, сондай-ақ араларында балалар үйінің түлектері мен зейнеткерлікке шыққан ақтөбеліктер де бар. 54 жастағы Ғалия Сақауованың жұмыссыз отырғанына 8 жылдан асқан. Осыған дейін шаруашылық меңгерушісі, мейрамхана әкімшісі қызметтерін атқарған Ғалия енді екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Нақтырақ айтсақ жұмысқа емес, қалаған қызметіне қол жеткізе алмай жүр. Бүгінгі жұмыс берушілердің ұсынған қызметтері де Ғалияның көңілінен шықпады. Бірінің жалақысы мардымсыз, ал енді бірі мамандығына сай емес. "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан мұндай шара Ақтөбеде жыл басынан бері осымен 4-ші мәрте өткізіліп отыр. Осыған дейінгі жәрмеңкелер жұмыссыз жүрген жастарға арналған болатын. Нәтижесінде 70-тен астам ақтөбелік еңбекпен қамтылған. Дәл сондай жұмыс тауып, жолы болғандар бүгінгі жәрмеңкеде де кездесті. Бүгінгі жәрмеңкеге 19 мекеме қатысып, 165 бос жұмыс орынын ұсынды. Сондай-ақ шара барысында 187 азамат жұмыс сұрап келген. Жұмыс берушілердің ұсынған мамандықтарының басым бөлігі техникалық бағытта. Сондықтан да жәрмеңкеге жиналған нәзік жандыларға қарағанда ер адамдарға сұраныс жоғары. Ал ресми статистикаға сүйенсек жұмыссыз жүрген жандардың басым көпшілігі әйел адамдар. |
Количество показов: 2769
Дата создания: 15.02.2013 20:01:28