63 балықшы 196 келіден астам балық аулады
Сенбі күні Ақтөбе су қоймасында балық аулаушылардың "Күміс жалтырауық" ашық турнирі өтті. Мұз бетінде балық аулаудың спорттық жарыс ретінде ұйымдастырылып отырғаны-алғаш рет. Ұйымдастырушылар турнирдің талаптарының халықаралық стандарттарға сай болуын ескерді. Бұл- болашақта ақтөбелік балықшылардың әлем чемпионатына қатысуына жасалып отырған қадам дейді ұйымдастырушылар. Балық аулау біреулер үшін қолы қалт еткендегі жай ғана ермегі болса, мына жиналған топ үшін-кәдімгі спорт. Биылғы ашық турнир балықты мұз бетінде жалтырауық қармақпен аулаудан өтті. Әр тур сайын жеңімпаз анықталып отырды. Ауланған балық таразыға тартылды. Әрбір кезеңнің ұзақтығы - екі жарым сағаттан. Су қоймасы үш аумаққа бөлінген. Әр балықшыға - жүз шаршы метрден есептелген. Турнирге 63 адам қатысты. Мықты футболшыдан мықты балықшы да шығады. Бұл- Виталий Кицак туралы. Оны көпшілік "Ақтөбе" футбол командасының жартылай қорғаушысы, әрі бұрынғы капитаны ретінде жақсы біледі. Виталий қармақ ұстаудың да шебері. Аз уақыт ішінде неғұрлым мол балық аулаудың өз құпиясы да бар. Онымен бөлісуді қаламайды футболшы. Виталий алғашқы айналымда-ақ 6 келіге жуық балық аулап, "КТП" командасын алға бастап, қарсыластарынан қара үзіп кетті. Жанкүйерлік етуге жарысқа жары мен қызы да келді. Екі айналымның қорытындысы бойынша, жекелей сында бірінші орын Виталий Кицакка бұйырды. Екінші және үшінші орындарды Камиль Қадыров пен Виктор Приималар өзара бөлісті. Сондай-ақ, "Ең бірінші ойық ойған балықшы", "Ең жылдам балықшы", "Ең үлкен балық аулаған балықшы", "Ең кіші балықты аулаған балықшылар" анықталды. Турнир кезінде 196 келі балықтың қармаққа көп ілінгені - торта мен таутан, алабұға. Ең салмақтысы Денис Абакуловтың қармағына ілінген 2 келі 98 грамм балық. Турнир кезінде ауланған ең жеңіл балықтың салмағы - небары 22 грамм ғана. Командалық есепте "КТП" командасы бірінші орынға жайғасты. Жүлделі екінші орын "Ақтөбе Фишер" командасында. Қола жүлде- "Ақтөбе-Хантер" командасының еншісінде. Жеңімпаздар балық аулауға қажетті заттармен марапатталды. |
Количество показов: 2520
Дата создания: 25.02.2013 19:55:35