3 ақтөбелік лаңкестік бабы бойынша сотталып жатыр
Нағыз қылмыскер куәгерге, жасөспірім бала қылмыскерге айналды. Лаңкестікті үгіттеді деп айыпталған 3 ақтөбеліктің ең кішісі 17 жастағы Саламат Ахеттің ата-анасы бүгін ғана басталған сот процесі жөнінде осындай пікірде. 18-дегі Аслан Жақаев пен 19 жастағы Нұрсұлтан Теңізбаевтың да теріс пиғылы болған емес деп кесіп айтады туған-туысы. Сот отырысы заң жүзінде жабық есік артында өтеді. Бірақ, айыпталушы тарап бұл процесcке бұқаралық ақпарат құралдарының қатыстырылғанын құп көрген болатын. Ата-анасының айтуынша, Саламат Ахетті ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері сабаққа бара жатқан жерінен, көшеден ұстап, алып кеткен. Саламат Ахет, Нұрсұлтан Теңізбаев, Аслан Жақаевтар 4-қыркүйектен бері қамауда. Бұл жігіттер "Алла" деген атау беріп арақ шығарған қаладағы өндіріс орнына өшіккен. Орталық стадионға футбол матчына барып, автобусқа тиеліп келген тәртіп сақшыларының қару-жарағына көз тіккен деп айыпталуда. Саламат Ахеттің ата-анасы 23 жастағы Асхат Сәкеновтің іске куә ретінде қатысып жатқанына наразы. Тұтқындағы жігіттердің тарапы Асхат Сәкеновті балаларымызды қылмысқа үгіттеп, қасақана ұстатып жіберді дейді. Мәселенің ақ-қарасын қалалық соттың судьясы Нұрлыбек Ормаханов шешуі тиіс. ҚР ҚК 233-бабының 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Терроризмді насихаттау бабы бойынша 3 жылдан 10-жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тиесілі. |
Количество показов: 2332
Дата создания: 03.01.2013 12:19:22