216 ақтөбелік жас отбасы қолжетімді баспанаға ие болады
Ақтөбеде тек жас жанұялар тұратын үй салынады. Баспаналы болғысы келетін жас отбасылардан арыз бен құжат наурыз айының 11-інен бастап қабылданады. Бұл жөнінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі хабарлайды. Елімізде алғаш рет жас отбасыларға "Қолжетімді баспана-2020" бағдарламасы арқылы арзан пәтер сатып алуға мүмкіндік беріліп отыр. Жастарға мемлекет қолдау көрсетеді. Бұл ретте де "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен" әріптестік байланыс септік етті. "Нұр Ақтөбе" ауданында 216 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй салынып жатыр. Сол пәтерлерден үміттенуші жас отбасылардан наурыз айының 11-інен бастап арыз бен құжаттар қабылданады. Жас отбасылар үшін тұрғын үйге қол жеткізу шарттары, қажет құжаттар тізімі және арыз толтыру үлгісі қала әкімдігінің ғаламтордағы сайтында жарияланған. Жас жанұялардың пәтерге ие болу мүмкіндігі баллмен есептеледі. 216 пәтердің 120-сы бір бөлмелі. Ауданы 41-ден 47 шаршы метрге дейін. 2 бөлмелі пәтерлер саны 96. Олардың ауданы 60-тан 73 шаршы метрге дейін. Бұл пәтерлердің әр шаршы метрі 80 мың теңге. Мәселен, ауданы кіші бір бөлмелі пәтер 3 миллион 400 мың теңге шамасында. Осы пәтер құнының 50 пайызын "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" несиеге береді. Ал жас отбасына арналған қолжетімді баспана бағдарламасы 8 жылға есептелген. Сондықтан қалған 50 пайызын жас отбасы 8 жыл ішінде жинауы тиіс. Несиені айына 15 мың теңгеден өтеп тұрады. Пәтер тек сегіз жылдан кейін ғана жекешелендіріледі. Қазір Ақтөбеде баспана кезегінде 16 мың адам тізіліп тұр. |
Количество показов: 4480
Дата создания: 26.02.2013 18:35:50