Өңірде тұрғындарды коронавирусқа қарсы вакцинациялаудың 4-кезеңі басталды
№4 қалалық емханада KazVac, SinoVac және Pfizer вакциналары бар. Бүгіннен бастап емхана мамандары ревакцинациядан өткендеріне 6 ай болған тұрғындарды 4-екпемен қамтамасыз етуде. Алғашқылардың бірі болып, екпе алуға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев келді.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде облыс халқының 70 пайызы коронавирусқа қарсы екпемен қамтамсыз етілді. Соның нәтижесінде біздің өңір "жасыл" аймақта. Алайда, бұл індетке қарсы қауіп әлі де сейілген жоқ. Бүгінде стационарларда 7 адам ем алуда. Сондықтан әр 6 ай сайын қайта вакцинациялау науқаны жүріп отырады. Бірінші кезекте өңірдің медицина қызметкерлері екпемен қамтылады. Басқарма басшысымен бірге екпе алуға келген орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, мамыр айында өңірдің 270 мың тұрғынын ревакцинациямен қамту көзделген. Қазіргі таңда оның 180 мыңы екпе алып үлгерді. Өңірдің денсаулық сақтау саласына жауапты дәрігерлер бүгінде әлемге таралып жатқан "маймыл шешек" індетінің алдын алу бойынша да шаралар атқарылып жатқанын атап өтті. Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, вирустың бұл түрінен сақтану үшін де гигиеналық талаптар сақталуы керек. Атап өтейік, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері бұрын тек Африка елдерінде ғана анықталып келген "маймыл шешек" ауруының енді әлемге таралып жатқанына алаңдаулы. Ұйымның мәліметінше, 21 мамырға дейін вирустың эндемиялық аймағына кірмейтін 12 мемлекетте "маймыл шешекке" шалдыққан 92 науқас анықталған. Індеттің бұл түрі әзірге біздің елімізде тіркелген жоқ. Алайда, сақтықта қорлық жоқ! Еліміздің ақ халаттылары аталмыш індеттің алдын алуға және ауруды емдеуге машықтануда.
Количество показов: 669
Дата создания: 26.05.2022 19:02:19